№ | Атауы | Жүктеу |
---|---|---|
1 | Мүдделер қақтығысын анықтау және реттеу саясаты | |
2 | Корпоративтік этика кодексі | |
3 | Сыбайлас жемқорлыққа қарсы нұсқаулықтар | |
4 | 2024 СЖТІТ нәтижелері бойынша анықтама |
https://www.youtube.com/watch?v=aWhLl3NdR-0
https://ambulance-sko.kz/kz/sybajlas-zhem-orly-a-arsy-is-imyl.html#sigFreeId325282d914
СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ ТУРАЛЫ
Қазақстан Республикасының Заңы
1-бап. Осы Заңда қамтылатын кейбір ұғымдарды түсіндіру
сыбайлас жемқорлық – жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдардың, мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдардың, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестiрiлген адамдардың, лауазымды адамдардың өздерінің лауазымдық (қызметтік) өкiлеттiктерін және соған байланысты мүмкiндiктерiн жеке өзi немесе делдалдар арқылы жеке өзіне не үшінші тұлғаларға мүлiктiк (мүліктік емес) игiлiктер мен артықшылықтар алу немесе табу мақсатында заңсыз пайдалануы, сол сияқты игiлiктер мен артықшылықтарды беру арқылы осы адамдарды параға сатып алу;
мүдделер қақтығысы – жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдардың, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдардың, оларға теңестірілген адамдардың, лауазымды адамдардың жеке мүдделері мен олардың лауазымдық өкілеттіктері арасындағы қайшылық, мұндай жағдайда аталған адамдардың жеке мүдделері олардың өз лауазымдық міндеттерін орындамауына және (немесе) тиісінше орындамауына алып келуі мүмкін;
5-бап. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың мақсаты мен міндеттері
- Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың мақсаты қоғамда сыбайлас жемқорлықты жою болып табылады.
- Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мақсатына қол жеткізу мынадай:
1) қоғамда сыбайлас жемқорлыққа төзбестік ахуалын қалыптастыру;
2) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін жағдайлар мен себептерді анықтау және олардың салдарларын жою;
3) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл субъектілерінің өзара іс-қимылын нығайту;
4) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі халықаралық ынтымақтастықты дамыту;
5) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды анықтау, жолын кесу, ашу және тергеп-тексеру міндеттерін шешу арқылы іске асырылады.
14-бап. Жақын туыстардың, ерлі-зайыптылардың немесе жекжаттардың бiрге қызмет (жұмыс) iстеуiне жол бермеу
- Жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдар, мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдар (өз қызметін тұрақты емес немесе басқа жұмыстан босатылған негізде жүзеге асыратын мәслихат депутаттарын қоспағанда) және мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген адамдар (Қазақстан Республикасының Президенттігіне, Қазақстан Республикасы Парламентінің немесе мәслихаттарының депутаттығына, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің әкімдігіне, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқарудың сайланбалы органдарына мүшелікке кандидаттарды қоспағанда), лауазымды адамдар өздерiнiң жақын туыстары, жұбайы (зайыбы) және (немесе) жекжаттары атқаратын лауазымдарға тiкелей бағынысты болатын лауазымдарды атқара алмайды, сондай-ақ жақын туыстары, жұбайы (зайыбы) және (немесе) жекжаттары тікелей бағынысында бола алмайды.
- Осы баптың 1-тармағының талаптарын бұзатын адамдар, егер олар көрсетілген бұзушылық байқалған кезден бастап үш ай ішінде оны ерікті түрде жоймаса, осындай бағыныстылықты болғызбайтын лауазымға ауысуға тиіс, ал осындай ауысу мүмкін болмаған кезде осы қызметшілердің біреуі лауазымынан шығарылуға немесе көрсетілген функциялардан өзгедей босатылуға тиіс.
Ескертпе. Осы Заңда жақын туыстар деп ата-аналары (ата-анасы), балалары, асырап алушылар, асырып алынған балалар, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек аға-інілері мен апа-сіңлілері (қарындастары), атасы, әжесі, немерелері, жекжаттар деп – жұбайының (зайыбының) ата-анасы бір және ата-анасы бөлек аға-інілері мен апа-сіңлілері (қарындастары), ата-аналары мен балалары түсініледі.
15-бап. Мүдделер қақтығысы
- Жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдарға, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген адамдарға, лауазымды адамдарға, егер мүдделер қақтығысы орын алған болса, лауазымдық міндеттерін жүзеге асыруға тыйым салынады.
- Осы баптың 1-тармағында аталған адамдар мүдделер қақтығысын болғызбау және шешу бойынша шаралар қабылдауға тиіс.
- Осы баптың 1-тармағында аталған адамдар тікелей басшысына не өздері жұмыс істейтін ұйымның басшылығына туындаған мүдделер қақтығысы туралы немесе оның туындау мүмкіндігі туралы, өздеріне бұл жөнінде мәлім болысымен жазбаша нысанда хабарлауға міндетті.
Тікелей басшысы не ұйымның басшылығы осы баптың 1-тармағында аталған адамдардың өтініштері бойынша немесе басқа да көздерден ақпарат алған кезде мүдделер қақтығысын болғызбау және реттеу бойынша мынадай шараларды уақтылы қабылдауға:
1) осы баптың 1-тармағында аталған адамдарды лауазымдық міндеттерін орындаудан шеттетуге және мүдделер қақтығысы туындаған немесе туындауы мүмкін мәселе бойынша лауазымдық міндеттерді орындауды басқа адамға тапсыруға;
2) лауазымдық міндеттерін өзгертуге;
3) мүдделер қақтығысын жою бойынша өзге де шаралар қабылдауға міндетті.
22-бап. Мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, квазимемлекеттік сектор субъектілері мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі лауазымды адамдардың өкілеттіктері
- Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды өз құзыреті шегінде барлық мемлекеттік органдар, ұйымдар, квазимемлекеттік сектор субъектілері мен лауазымды адамдар жүргізуге міндетті.
- Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды анықтауды, жолын кесуді, ашуды, тергеп-тексеруді және алдын алуды және оларды жасауға кінәлі адамдарды жауапқа тартуды өзі құзыреті шегінде прокуратура, ұлттық қауіпсіздік, ішкі істер, әскери полиция органдары, экономикалық тергеп-тексеру қызметі, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі жүзеге асырады.
23-бап. Жұртшылықтың сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға қатысуы
Жеке тұлғалар, қоғамдық бірлестіктер және өзге де заңды тұлғалар сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кезінде мынадай шаралар қолданады:
1) өздеріне мәлім болған сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасау фактілері туралы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен хабарлайды;
2) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша заңнама мен құқық қолдану практикасын жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізеді;
3) сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға қатысады;
4) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдық басқа да субъектілерімен және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органмен өзара іс-қимылды жүзеге асырады;
5) мемлекеттік органдардан сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қызмет туралы ақпаратты Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен сұратады және алады;
6) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша зерттеулер, оның ішінде ғылыми және әлеуметтік зерттеулер жүргізеді;
7) бұқаралық ақпарат құралдарында түсіндіру жұмыстарын жүргізеді және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша әлеуметтік маңызды іс-шаралар ұйымдастырады.
24-бап. Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар туралы хабарлау
- Дайындалып жатқан, жасалатын немесе жасалған сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық туралы ақпаратқа ие адам бұл туралы жоғары тұрған басшыға және (немесе) мемлекеттік органның не өзі қызметкері болып табылатын ұйымның басшылығына және (немесе) уәкілетті мемлекеттік органдарға хабар береді.
- Жоғары тұрған басшы, мемлекеттік органның, ұйымның басшылығы, уәкілетті мемлекеттік органдар сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық туралы келіп түскен хабар бойынша Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес шаралар қабылдауға міндетті.
- Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға өзгеше түрде жәрдем көрсететін адам мемлекет қорғауында болады және Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен көтермеленеді.
Осы тармақтың ережелері сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы көрінеу жалған ақпартты хабарлаған адамдарға қолданылмайды, олар заңға сәйкес жауапты болады.
- Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жәрдем көрсететін адам туралы ақпарат мемлекеттік құпия болып табылады және заңда белгіленген тәртіппен ұсынылады. Көрсетілген ақпаратты жария ету заңда белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
25-бап. Заңсыз алынған мүлікті немесе заңсыз көрсетілген қызметтердің құнын өндіріп алу (қайтару)
- Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар нәтижесінде заңсыз алынған мүлiктi өз еркiмен тапсырудан немесе мемлекетке оның құнын немесе заңсыз алынған көрсетілетін қызметтердің құнын төлеуден бас тартылған жағдайларда, оларды өндіріп алу прокурордың, мемлекеттік кіріс органдарының не осыған заңмен уәкiлеттiк берiлген басқа да мемлекеттiк органдар мен лауазымды адамдардың талап қоюы бойынша, заңды күшіне енген сот шешiмi негізінде жүзеге асырылады. Көрсетілген органдар сот шешiм шығарғанға дейiн құқық бұзушыға тиесiлi мүлiкті сақтау жөнінде шаралар қабылдайды.
- Осы баптың 1-тармағында көрсетілген жағдайларда прокурор, мемлекеттік кіріс органдары не осыған заңмен уәкілеттік берілген басқа да мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар заңсыз алынған мүлікті мемлекет кірісіне айналдыру және (немесе) заңсыз алынған көрсетілетін қызметтердің құнын мемлекет кірісіне өндіріп алу туралы талап қоюымен заңда белгіленген мерзімдерде сотқа жүгінеді.
- Егер жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамнан, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамнан және мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамға теңестірілген адамнан және лауазымды адамнан жұмыстан шығару, тиісті функцияларды орындаудан өзгедей босату кезінде заңсыз алынған мүлік немесе заңсыз көрсетілген қызметтің құны өндіріліп алынбаса, осындай босату туралы шешім қабылдайтын лауазымды адам немесе орган кінәлі адамның тұрғылықты жері бойынша мемлекеттік кіріс органдарына құқыққа қайшы алынған кірістер туралы хабарлама жібереді.
- Тапсырылған мүлікті есепке алу, сақтау, бағалау және одан әрі пайдалану Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен жүзеге асырылады.
26-бап. Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар нәтижесінде жасалған мәмілелердің, шарттардың, актілердің және әрекеттердің жарамсыздығы
- Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар нәтижесінде жасалған мәмілелерді, шарттарды уәкілетті мемлекеттік органдардың, мүдделі тұлғалардың немесе прокурордың талап қоюы бойынша Қазақстан Республикасының заңында белгіленген тәртіппен сот жарамсыз деп таниды.
- Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар нәтижесінде актілерді қабылдау және әрекеттерді жасау тиісті актілердің күшін жоюға (қолданысын тоқтатуға) уәкілеттік берілген адамдардың не мүдделі тұлғалардың немесе прокурордың талап қоюы бойынша сот тәртібімен олардың күшін жою (жарамсыз деп тану) үшін негіз болып табылады.
Қазақстан Республикасының
Президенті Н.НАЗАРБАЕВ